Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық жұмыстары

2020 жылғы 26 маусым мен 4 шілде аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті базасында Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіледі. Оған барлығы 2296 түсушілер қатысады.

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университет ректоры, университет базасында өткізілетін ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуді ұйымдастыру бойынша мемлекеттік комиссияның төрайымы Бейбіткүл Кәрімова тестілеу өткізуге дайындық жұмыстарын қорытындылады.
Университеттің №5 оқу ғимаратында тестілеу өткізу үшін арнайы 10 дәрісхана қарастырылған.
Дәрісханалардың барлығы кондиционерлермен және терезелер маскитті торлармен жабдықталған. Медициналық көмек көрсету мақсатында медициналық қызметкерлерге арнайы бөлме қарастырылған. ҰБТ барысында медициналық-санитарлық талаптарды сақтау үшін сыртқы киімді дезинфекциялық ерітіндімен залалсыздандыратын арнайы 2 тоннель құрылғысы орналастырылған. Тестілеу өткізетін дәрісханаларда медициналық-санитарлық талаптарды (арақашықтық кемінде 2м) сақтау мақсатында тестіленушілер саны қысқартылды. Тестіленушілерді ғимаратқа кіргізу барысында кемінде 2 метр арақашықтықты сақтау үшін кезектерге арналған жылжымалы таспалар-баррикадалар (60 метр) орнатылған.
Аудиторияларда және оқу ғимаратының кіре берісінде бейне бақылау үшін 22 камера жұмыс жасайды. Сонымен бірге, ұялы байланыс сигналын тұншықтырғыштар және тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған заттарды анықтау мақсатында металл іздегіштер қолданылады.
Дәрісханаларды тестілеуге дейін және кейін залалсыздандыру үшін бактерицидті шамдар пайдаланылады. Тестіленушінің дене қызуын термобақылаудан өткізу үшін байланыссыз электронды термометрлер қолданылса, әр қабаттағы дәлізде және кіре берісте санитайзерлер орнатылған.
Сонымен қатар, тестке кіре берісте тестіленушілерге міндетті түрде 2 данадан бір реттік бетперделер беріледі.
Биылғы ҰБТ-ға дайындық мақсатында барлық техникалық құрал-жабдықтар талапқа сай жаңартылған.

 

 

 

JoomShaper