Екіжақты келісімге қол қойылды

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 1-оқу ғимараты, М.Шоқайтану ғылыми-зерттеу орталығында облыстық «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен облыстық «Qyzylorda» телеарнасында университеттің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының филиалдарын ашу жөніндегі екіжақты келісім шарттарға қол қою рәсімін өткізу мақсатында кездесу өтті.

Кездесуге «Qyzylorda» және «Қоғам ТВ» телеарналары, «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын», аймақтық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері басшылары, «Хабар», «24kz», «Қазақстан» Ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшілері және оқытушы-профессорлар қатысты.
Жиын аясында Б.Кәрімова университеттің ауқымды істері жайында баяндады. Басқосудың басты жаңалығы университет тарапынан 2020-2021 оқу жылында қабылданатын түлектерге Ректор гранттарының және өндіріс орындары мен кәсіпкерлер тарапынан гранттардың бөлінуі болды. Аймағымызды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында сәуір айында оқу орны базасында мектеп бітірушілер арасында облыстық пәндік олимпиадалар өткізіледі. Аталған гранттардың басым бөлігі сұранысқа ие мамандықтарға берілетін болады. Бұл өңірдің талантты жастарына көрсетілетін үлкен қамқорлық, білім алуына жасалатын зор мүмкіндік болғандықтан Б.Сәрсемханқызы мектеп бітіруші түлектердің олимпиадаға белсенді қатысуын қамтамасыз етуге атсалысатындығын айтып өтті.
Сонымен қатар, ректор өз сөзінде басты басымдықты мектеп оқушыларына қойып, ең алдымен университет тарапынан аймағымызда кәсіби бағдар беру жұмыстарының көп жағдайдағыдай 11 сыныптан бастап емес, 7-8 сыныптан бастап жүргізілетіндігін айтты. Бұл бағытта университетте арнайы Жол картасы әзірленген. Міне, осы жұмыстарды жүйелі, тұрақты жүргізу және оқушыларға көмек көрсету, психологиялық қолдау білдіру мақсатында наурыз айының 1-нен бастап университетте «Рекрутинг» орталығы ашылды. Қатысушылардың назарын аударған тағы бір мәселе университет профессор-оқытушыларының айлық жалақысының 30 пайызға дейін өскендігі. Бәсекеге қабілетті, білікті маман дайындауда, отансүйгіш, парасатты тұлға тәрбиелеу ісінде университеттің оқытушы-профессорларының еңбегі зор. Сол себепті, ұстаздардың мәртебесін жоғары қоюды ең басты міндет санап, келесі оқу жылында университет профессор-оқытушыларының жалақысын тағы да көтеру жоспарланып отырғандығы мәлім болды.
Кездесу барысында «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабалаға және «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Миуа Байназароваға бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесі бойынша Қорқыт Ата атындағы "Алтын медаль" табысталса, «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков пен «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабаддинов «Үздік түлек» медальдарымен марапатталды.

JoomShaper
Виртуальный ассистент