Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік

Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекетік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесіне арналған «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік»атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректор міндетін атқарушы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абдикаримов Бақытхан Жүнайдұлы ұлағатты ұстаздар қауымын және білім алушыларды, шара қонақтарын Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз, баға жетпес асыл қазынамыз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты, ұлтымыздың ұлы мұраты. Бұл ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан күн.
Мерейлі мерекеге университет толайым табыстармен жетіп отыр. Оқу орнында білім беру және ғылыми жұмыстар жүргізу қызметін 18ғылым докторы, 198 ғылым кандидаты, 18 PhD докторы және 180-нен астам ғылым магистрі атқаратынын мақтанышпен айта аламыз. Салтанатты жиында бірқатар профессор ұстаздар мен ғалымдар, университет қызметкерлері ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі үшін төс белгісімен және «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ ҚР жоғары оқу орындарының қауымдастығы Президентінің атынан «Үздік менеджері» және «Үздік оқытушы» атағына ие болғандарда құрмет төрінен көрінді. «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль» және «Үздік түлек» медалін алғандарда бүгін сахна төрінен орын алды.
Бағдарлама аясында Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы Қызылорда филиалының төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы мерекелік лебізін білдіріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректор міндетін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бахытхан Жүнайдұлын және бірқатар ұстаздар қауымын Алғыс хатпен марапаттады.Осы күні сонымен қатарбір топ ұстаз «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мереке күні сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Назаров Есенжол Асылбекұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, бірқатар оқытушылар мен университет қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады.
Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен жыр-термешілердің өнері мереке мерейін тасытып, шара шырайын кіргізді. Дәстүрлі өнер институтының «Хор» ұжымы Отан, туған жер тақырыптарында әндер орындап, жиналғандарға рухани демалыс сыйлады.


     

JoomShaper