Азиза мен Айдана Елбасы қорының студенттік стипендия иегерлері атанды

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенттері Айдана Сәбитбек пен Азиза Бүркіт Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының студенттік стипендиясының иегері атанды.

Алматы қаласында өткен республикалық конкурста 350-ден астам қатысушының ішінен 80 жас жеңімпаз деп танылған. Солардың қатарында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ экономика және құқық институтының студенті Азиза Бүркіт пен инженерлі технологиялық институтының студенті Айдана Сәбитбектің бары оқу орны үшін үлкен мақтаныш. Олар «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының стипендиаты» мәртебесін алды. Байқаудың негізгі мақсаты – жоғары және орта арнаулы (өнер және мәдениет) оқу орындары күндізгі бөлім студенттерінің оқу, ғылым мен шығармашылық жұмысын насихаттау. Сайыс екі турдан тұрды. Бірінші кезең оқу орнында өткізілді. Екінші кезеңде үміткерлердің өтінімдері Тұңғыш Президент Қорының конкурстық комиссиясына түседі, онда нақты жеңімпаздар анықталады. Сонымен, жаңа оқу жылында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қаскелең, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Түркістан, Өскемен және Шымкент қалаларының студенттері арнайы шәкіртақыға ие болды. Олар академиялық үлгерімнің жоғары көрсеткіштеріне ие, студенттер мен оқытушылар арасында беделі жоғары, сонымен қатар оқу орнының қоғамдық, ғылыми-зерттеу және практикалық қызметіне белсенді қатысады. Стипендиаттар өз жетістіктерін екі жылдық оқу кезіндегі GPA жоғары балл алған транскриптермен, сертификаттармен, дипломдармен, мақалалармен, ғылыми конференциялардағы баяндамалармен растады.

JoomShaper
Виртуальный ассистент