Ұлы даланың кемел тұлғалары

2018 жылдың 27 қыркүйегінде «Нұр Отан» партиясы «ТҰРАН» филиалының «Әділет» бастауыш партия ұйымы мүшелері ғылыми-техникалық кітапхана ұжымы дәстүрлі «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында қазақ даласының үш алып тұлғалары: данышпан Құдайберді Шәкәрімнің «Үш анық», халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және түркі танушы ғалым, жазушы Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармаларын талқылауға арналған «Ұлы даланың кемел тұлғалары» атты дөңгелек үстел өткізді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына және Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай жоспарланып, Студенттер Сарайында өткен іс-шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттар мен студенттер және кітапхана қызметкерлері қатысып, үш алыптың еңбектері бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Профессорлар, ардагер ұстаздар Қазыбай Құдайбергенұлы мен Меруерт Нығыметқызы әрбір шығарма бойынша жастарға бағыт-бағдар беріп отырды. Университеттің «Жауқазын» жастар театрының мүшелері үш шығармадан үзінді қойса, болашақ журналистер қаламгерлердің нақыл сөздерінің мағынасына журналистік талдау жасады. Сонымен бірге техникалық, экономикалық және гуманитарлы-педагогикалық мамандықтарын таңдаған жастар да белсене қатысып, үш қаламгердің «білімді, өнерлі бол, ізгі іс, ізгі ой, ізгі қарекет жаса «кейінгінің қалмалық обалына» деп, өзара тоғысқан пайымы бойынша пікірлерін ашып айтысты.
«Бір ел-бір кітап» акциясының бір тармағын университет кітапханасы «бұлақ көрсең көзін аш» нақылына арнап, талантты жастардың өз шығармаларымен танылуларына мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстелді жүргізіп және қорытындылаған ғылыми-техникалық кітапхана бөлім меңгерушісі Р.Т.Доспаева студент жастарға шығармашылық табыс тілеп, «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының және университеттің тәрбие жұмыстары және жастар саясаты басқармасы атынан Алғыс хат пен сый ретінде кітаптар ұсынды.

JoomShaper