«Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» конференция

Қызылорда облысының әкімдігі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп 2018 жылғы 17 тамызда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында көрнекті әдебиеттанушы - ғалым, жазушы Мырзабек Төлегенұлы Дүйсеновтің туғанына 90 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру және ұлттық әдебиет» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияның негізгі мақсаты - Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық  мақаласында көрсетілген мақсаттарға сай әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы, сыншы және жазушы Мырзабек Дүйсенов шығармашылығын насихаттау. 

Конференция жұмысына Астана, Алматы қалаларынан келген ғалымдар мен жазушылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, білім алушылары қатысты. Конференция жұмысын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Б. Кәрібозұлы ашып, жүргізіп отырды. Қатысушыларды Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р. Рүстемов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұ.О. Есдәулет, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің професссоры, саяси ғылымдар докторы Ә.Қ. Бәкір құттықтады.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Н.Б. Ақыш «М.Т.Дүйсеновтің Жазушылық шеберлігі», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Б. Балғабаев «Мырзабек Дүйсенов және қазіргі қазақ драматургиясының кейбір мәселелері», .О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Ж. Орда «Ұлттық әдебиеттегі рухани жаңғыру», Әл–Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы К.С. Ахмет «Мұхтар Әуезовтің шәкірті», Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдары бойынша философия докторы (PhD)А.Р. Бердібай «Әке ұлағаты» тақырыбындағы баяндамалар жасап, М.Т.Дүйсеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты сөз қозғады. Соңында конференция ұсынымдары қабылданды.
Конференция аясында М.Т.Дүйсеновтің 8 томдық шығармалар жинағының тусаукесер рәсімі өткізіліп, Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.


JoomShaper