«Қызықты экология» тақырыбындағы интеллектуалды шоу

2018 жылдың мамыр айының 15 күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасында Қазақстан Республикасының Экология саласына 30 жыл толуын атап өту мақсатында «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» деп аталатын айлық шаралар аясында «Қызықты экология» тақырыбында интеллектуалды шоу болып өтті.

Интеллектуалды шоудың мақсаты: Студенттерге экологиялық білім мен тәрбие беру, тапқырлық пен іскерлікке және шапшаңдыққа баулу.
Интеллектуалды шоуды кафедраның жас оқытушысы ж.ғ.м. Д.Д.Орынбеков жүргізді.
Сайыстың өту барысы 5 кезең бойынша ұйымдастырылды:
1-айналым. «Таныстыру». Топтың аты, ұраны, төсбелгісі, топ басшылары жарысқа түседі. Қоршаған орта, табиғат туралы мақал-мәтелдердің жалғасын табу, топ басшылары сайысқа түседі;
2-айналым. «Зерделінің ойы озық!». Сұрақтарға жедел жауап беру: Қатысушының 30 секундта дұрыс жауап берген сұрақтарының саны ескеріліп, ұпай қойылады;
3-айналым. «Сен білесің бе?». Ұяшықтардағы жасырын тұрған сұрақтарға жауап беру арқылы ұпай жинау, әр ұяшықта күрделілігіне байланысты белгілі бір ұпаймен бағаланатын сұрақтар орналасады, атап айтқанда, 10, 20, 30 ұпай, сондай-ақ «сыйлық» сұрақтар да қарастырылған;
4-айналым. «Сөз тапқанға ...» Қалтадан әріптерді алып, сұраққа жауапты сол әріптерден басталатын сөздермен ғана бастап жауап беру керек. Сұрақ интеллектуалды шоу тақырыбына сәйкес арнайы дайындалған;
5-айналым. «Ойлы болсаң, шешіп көр!». «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының оқытушы-профессорларының сұрақтарына жауап беру. Сұрақтар оқытушы-профессорлардың дыбыстық бейне сюжеті арқылы беріледі.
Сайысқа 5В060800 – «Экология», 5В072100 - «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» және 5В072000 - «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтарының 1-3 курс студенттерінен аралас жасақталған «Элита» және «Табиғат» деп аталатын 2 топ қатысты.
Интеллектуалды шоу барысында студенттердің білімдерін саралау мақсатында кафедра магистранттары мен студенттерінен құрылған арнайы әділ қазылар алқасы жұмыс жасады. Олар: Э-17-1м оқу тобының магистранты С.Р.Байназарова – әділ қазылар алқасының төрайымы және әділ қазылар алқасының мүшелері Э-17-1 оқу тобының студенті Е.Қаппар және ХТН-16-1 оқу тобының студенті Ж.Нұртаева.
Интеллектуалды шоуды ашып беру үшін іс-шараға арнайы шақырылған қонақ Инженерлі-экологиялық факультетінің аға тәлімгері Н.А.Турлугуловаға сөз берілді.
Интеллектуалды шоу барысында ғаламдық, мемлекеттік және жергілікті экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары, экологиялық мәселелерді шешудің ғылыми негізделген шаралары туралы сұрақтар қойылып, студенттердің білімі сараланды.
«Ойлы болсаң, шешіп көр!» айналымы бойынша кафедраның оқытушы-профессорлары қойған сұрақтар ең көп ізденетін студентті жедел анықтап берді және топтың көп ұпай жинауына мүмкіндік жасады. Ең көп ізденетін студент Э-15-1 оқу тобының студенті, өзі оқитын топтың басшысы Нұрмаханов Бекмұхаммед екені белгілі болды.
Интеллектуалды шоу соңында әділ қазылар алқасының шешімі жарияланды. Екі команданың да жоғары дайындықпен келгені атап өтілді, дегенмен сайыстың аты сайыс, «Біреу озу керек, біреу қалу керек!» дегендей «Табиғат» тобы максимал ұпай жинап, бірінші орынға ие болды.
Ең бастысы «Қызықты экология» сайысы студенттердің қызығушылығын туғызып, білім сараптайтын сайыстардың жиі өткізілуі жөнінде ұсыныстар айтылды.
Интеллектуалды шоу, кеше ғана ашылған жас кафедраның тарихы беттерін байыту мақсатында, бастан аяқ бейне камераға жазылды. Шоу аяқталған соң кафедра ұжымы, магистранттары мен студенттері бірге естелік суретке түсті.
Сайыс кафедра студенттерін ауызбершілікке шақырып, білім алуда бірге ізденудің маңыздылығын түсіндіргендей әсер қалдырды.

JoomShaper