Діни сауаттылықты арттыру сағаты өтті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №6 оқу ғимаратында орналасқан Оқу залында «Білім алушылардың діни сауаттылығын арттыру» тақырыбында тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағаты университет ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Н. Прназаровтың, тәрбие бөлімінің бас маманы Н.К. Аймаханованың және педагогикалық факультетінің «Кәсіптік оқыту» кафедрасының ПО-16-1 оқу тобы мен топ тәлімгері - С.Ж. Ералиеваның ұйымдастыруымен өткізілді. Тәрбие сағатына Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы - Тоқжанов Шәрібай Махамбетұлы және Қызылорда қаласындағы Ыбырайым молда мешітінің найб-имамы - Әлімбай Олжас Ғалымжанұлы қатысты.

Тәрбие сағатына «Информатика», «Физика», «Математика», «Педагогика және психология», «Кәсіптік оқыту», «Дизайн», «Бейнелеу өнері және сызу» мамандықтары бойынша оқитын 1-ші және 2-ші курстың студенттері қатысты. Тәрбие сағатында алғы сөз педагогикалық факультетінің деканы Ақтаев Еркін Қуанышбекұлына берілді. Факультет деканы білім алушылар үшін аталған тақырыптағы тәрбие сағатының маңыздылығына тоқтала келе, қонақтармен таныстырып өтті.
Алғашқы болып сөз алған Ш.М. Тоқжанов білім алушыларға әлем бойынша ислам дінін ұстанатын 1,5 млрд мұсылмандар бар екенін айта келе, ата-бабаларымыз ұстанған ислам діні жайында өте тартымды әрі қажетті мәліметтерді келтірді.
Ыбырайым молда мешітінің найб-имамы, ұстаз қызметін атқаратын Әлімбай Олжас Ғалымжанұлы болса өз сөзін білім алушыларды алда келе жатырған қасиетті рамазан айымен құттықтаумен бастады. Одан әрі қарай ислам дініндегі ағымдар жайында, оның ішінде Қазақстандағы тыйым салынған ағымдар мен ұстанатын діни ағымның сипатына тереңінен тоқтала отырып түсіндірді. Ислам дініндегі қасиетті айлар жайында мысал келтіре отырып, қызықты түсіндіре білді. Білім алушылар тәрбие сағаты барысында еліміздегі дін саласында қабылданатын заң жайынан да хабардар болды. Тәрбие сағатының соңында студенттер дінге қатысты өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алу арқылы да діни сауаттылықтарын арттырды.

JoomShaper