Жалағаш ауданындағы мектеп бітіруші түлектермен кездесу өтті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Қызылорда облысының аудандарындағы күндері Жалағаш ауданының мектеп бітіруші түлектері мен ата-аналары, мектеп ұстаздары мен аудандық білім беру қызметкерлерімен кездесуге жалғасты.

Кездесуге Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры-бірінші проректоры Абайбек Талғатұлы Жүнісов және оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор Бахытхан Жүнайдұлы Абдикаримов, сонымен қатар жұмыс тобының қатарында Н.А.Ахатаев, Ә.Т.Төрешбаев, Т.Ж.Жұмағұлов, М.М.Абжаев т.б. оқытушы-профессорлар мен докторант, магистранттар және өнерпаз студенттер қатысты.
Жиын барысында оқу ісі жөніндегі проректор-бірінші проректор А.Т.Жүнісов университеттің соңғы бес жылдағы жоғары жетістіктерімен бөлісті.
Айта кетейік, бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 62 бакалавриат, 30 магистратура, 9 Phd докторантура мамандықтары бойынша мамандар даярлайды. Университеттің ғылыми-педагогикалық қызметін 501 профессор-оқытушы, оның ішінде 18 ғылым докторы, 204 ғылым кандидаты, 15 PhD және 189 ғылым магистрі атқарады.
Кездесу барысында оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор Б.Абдикаримов 80 жылдық тариxы бар оқу ордасынан білім алған, бүгінде әр салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектерді «Үздік түлек» төсбелгілермен марапаттады.
Сонымен қатар, әсерлі өткен кездесуде университеттің өнерлі өрендері ән мен жырдан шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

JoomShaper