«Экономикаға пандемияның кері әсері және оларды жою мүмкіндіктері» тақырыбында онлайн басқосу өтті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті экономика және құқық институты «Экономика және менеджмент» кафедрасының профессор-оқытушылары «Экономикаға пандемияның кері әсері және оларды жою мүмкіндіктері» тақырыбында онлайн басқосу ұйымдастырды.

Онлайн басқосуды «Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к. А.С.Шайнуров жүргізді. Онлайн іс-шара СОVID-19 коронавирус инфекциясының өршуі жағдайында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шараларға арналды.
Онлайн басқосу Қызылорда облыстық кәсіпкерлік туризм басқармасының, Облыстық орта және кіші кәсіпкерлер кәсіподағының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Экономика» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, Болашақ университетінің профессор-оқытушылары және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Экономика» білім беру бағдарламасының докторанттары, магистранттары мен студенттері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ф.Ә.Қожабергенов облыстағы кәсіпкерлік нысандардың даму жағдайына талдау жасай отырып, қазіргі панемия жағдайында кәсіпкерлік субъектілерінде орын алған мәселелерге жан-жақты тоқталып өтті.
Облыстық орта және кіші кәсіпкерлер кәсіподағының төрағасы, экономист Е.Өмірсеріков вирустың таралуы экономикалық дағдарысқа алып келгендігін және аймақтық экономикалардың көптеген салаларының өсіп-дамуы толық дерлік тоқтатылғанын атап өтті.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті «Экономика» кафедрасының меңгерушісі э.ғ.к, қауымдастырылған профессор А.Б.Темірова әлемдегі көптеген экономика салалары рекордты құлдырауды бастан кешкендігін және одан шығудың қазақстандық жолдары дайындалып жатқанын сөз етті. Төтенше жағдай кезінде басты қажеттілігімізді қанағаттандырушы ауыл шаруашылығы алдыңғы орынға шығып, әлем назарын аударғаны аян. Осы орайда э.ғ.д., профессор Ф.А.Шуленбаева «Влияние АПК на продовольственную безопасность государства» тақырыбында баяндама жасады. «Мелкотоварное производство как фактор развития благосостояния личных подсобных хозяйств» тақырыбында баяндама жасаған э.ғ.к., доцент Г.А.Асанова ойды жалғастырды. PhD докторы, қауымдастырылған профессор Ж.С.Булхаирова «Человеческий капитал в сельском хозяйстве Казахстана: современные тенденции» тақырыбында сөз қозғады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің білім алушылары спикерлерге сұрақтар қойып, мазмұнды, тұшымды жауаптар алды.
Экономика және құқық институтының директоры э.ғ.к. Н.С.Құлмырзаев қазіргі жағдайда жеке сектордың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шағын және орта бизнесті мемлекеттік-жеке серіктестікке тарту және бизнесті ауқымды ынталандыру шаралары енгізілгендігін және ол үшін аймақта дағдарысқа қарсы жоспар әзірленіп, атаулы қолдауды көрсету үшін коронавирустан ең көп зардап шеккен салаларды айқындау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Онлайн басқосуда қөтерілген мәселелер елімізде кейінге қалдырылып келген мәселелерді шұғыл шешуге дайын болу керек екенін, пандемия кезіндегі экономиканың барлық саласында жалпы саясатты қайта қарап, толыққанды тіршілікті қамтамасыз ету үшін маңызды салаларда импортты алмастырудың бірлескен бағдарламаларын жүргізудің маңыздылығын көрсетті.

JoomShaper