Әбу Насыр әл-Фараби - адамның ұлы данасы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жаратылыстану институты «Физика және математика» кафедрасы «математика» мамандығының 3 курс студенттері Ғ.Мұратбаев атындағы № 171 орта мектепте педагогикалық практикадан өтті.

Практика аясында № 171 орта мектептің оқу жоспарына сәйкес Математика, Информатика және Физика (МИФ) бірлестігінің «МИФ- ғасырдың ғажап үш тірегі» атты он күндігі өтті. Он күндік барысында «Ақыл-ойдың қазығы қағылған ілім төсінде, Математика бастауы барлық ғылым кешінде...», тақырыбында кеш, «Брейн-Ринг», «Бақытты сәт», «Жұлдызды сағат», «Алтын қақпа» атты сайыстар, Геометриялық бал, Ғұламалар кеңесі, 5-8 сынып оқушылары арасында мектепішілік олимпиада ұйымдастырылып, оқушылардың білімі сарапқа салынды.
Мұнан бөлек «Әл Фараби –адамның ұлы данасы, Адам - әлемнің гармония саласы» тақырыбында кеш ұйымдастырылды. Танымдық шараның негізгі мақсаты – Әл Фараби мұрасын зерделеу, әлем тарихындағы данышпан ғалымның рөлін айқындап, бабамыздың қайталанбас тұлға екенін таныту, оқушыларды тарихи-мәдени ескерткіштерді қастерлеуге, болашақта өз армандарының биігіне көтерілу үшін, мамандықты дұрыс таңдауға бағыт беру.
Рухани азық сыйлар кеште «Физика және математика» кафедрасының 4 курс студенті Рухат Сейтқасым Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған арнауын тарту етті. Сондай-ақ жиында Фараби танушы ғалым А.Молшановтың еңбегінен, Мұхтар Шахановтың «Арман» поэмасынан үзінділер оқылып, ғұлама ғалымның шығармашылығына байланысты оқушыларға сұрақтар қойылды. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар шарада оқушылар «Ұлы даланың ұлағатты ұстазы» атты көрініс сахналады.
Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған мерейтойының халықаралық деңгейде өтуі, барлық ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал ететіні сөзсіз.

JoomShaper