Сөнбес сәуле - Сағитжан Бермағанбетов

2008 жылдың 28 ақпаны Сыр жұртшылығының қабырғасын қайыстырған қаралы күн. Себебі дәл осы күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі, қарымды журналист, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Сағитжан Бермағанбетов мезгілсіз бұл пәниден мәңгілік мекенге аттанды.

Осы ретте Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасы жанынан құрылған «Журналист» үйірмесі мүшелері, Ж-18-1, Ж-18-3 оқу топтарының студенттері және аға оқытушы, магистр Аягөз Әбдіразақова мен аға оқытушы, магистр Асыл Оразованың ұйымдастыруымен «Құмда қалған сағыныш...» атты еске алу кеші өтті. Мазмұнды шараға С.Бермағамбетовтың анасы, бауырлары, әріптестері, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бірге оқыған достары және университет ұжымы қатысты.
Тағылымды кеште жастар жүрек тебірентер әндер шырқап, С.Бермағамбетовке арналған арнау өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Мұнан соң көпшілік назарына С.Бермағамбетовтің жарқын бейнесі таспаланған бейнеролик ұсынылды.
Шара аясында орны толмас қазаға ұшырап, артында өшпейтұғын із қалдырған біртуар азаматтың ет жақындары мен ұстаздары, әріптес достары бойындағы ізгі қасиеттері жайлы баяндап, есте қалар қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Ал дарынды журналисттің артынан ерген ізбасарлары аға жолын жалғап, қол жетпеген белестері мен ала алмаған асуларын бағындыруға ниетті екендіктерін байқатты.
Еске сала кетейік 2008 жылдың 28 ақпанында су тасқынын алдын-алу мақсатында құрылған арнайы топ МИ-8 тікұшағымен апатқа ұшырады. Ажал құшқандардың қатарында Сағитжан Бермағанбетовте бар. Ол алғаш еңбек жолын Қызылорда қоғамдық телеарнасында бастап,облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында қызметін жалғастырды. Аймақтың сүбелі мәселелеріне қатысты арнайы репортаждар әзірледі. Сондай-ақ өзінің авторлық бағдарламасын да ашып үлгерді. Сол кездегі көрермен көкейіндегі ойын, орын алған проблеманы көк жәшік арқылы таратты. Ол мәселелер өз кезегінде кәсіби тележурналисттің біліктілігінің арқасында оң шешімін тапты.

JoomShaper