"Абай жолымен" атты республикалық ақындар айтысында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті Бексұлтан Орынбасаров көрермендер көзайымына айналды

Республикалық ақындар айтысы "Nur Otan" партиясының және Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізіліп отыр.

Оған Серік Құсанбаев (Өскемен қаласы), Айбек Қалиев (Арқалық қаласы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар қаласы), Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан қаласы), Аруна Керімбек (Ақтөбе қаласы), Жансая Мусина (Орал қаласы) Аян Ниязбек (Шымкент қаласы), Сұлужан Тауболды (Алматы қаласы), Кенжебай Жүсіпов, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Орынбасар Бексұлтан (Қызылорда қаласы) қатысты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізген жүйріктер додасы тартысты әрі қызықты өтті. Жүргізуші өз қорытынды сөзінде «Бүгінгі айтыстың жаңалығы Орынбасар Бексұлтан болды» деді. Ақындардың бағасын қашан да халық берген ғой, өзі жас болса да барша көрерменді тәнті еткен Бексұлтан ақын көрермендерді өз сөзінің өткірлігімен, өтімділігімен тәнті етті. Әсіресе, көптің аузында сахнаға шыққан Жансая Мусина мен Орынбасар Бексұлтан жұптарының сөз додасы жүр.
Университет қабырғасында білім алумен қатар, өз өнерін шыңдап жүрген «Дәстүрлі өнер институтының» жас дарыны Орынбасар Бексұлтанға жанкүйерлермен бірге арнайы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры Бейбіткүл Кәрімова қолдау көрсетіп, дода соңында құттықтап, болашақта үлкен жетістіктерге жетеріне сөзсіз сенімді екендігін жеткізді.
Жас дарын Бексұлтанға университет ректоры 100 мың көлемінде теңге арнайы сыйақы берілетінін жеткізді.
Бес сағатқа созылған аламан айтыста Бас жүлде "Айтыстың ақтаңгері" Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Ал, І орынды Жансая Мусина иеленсе, ІІ орынды Әсем Ережеқызы, ІІІ орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Айбек Қалиев еншіледі.

JoomShaper