Жұмабек Аққұлов «Алтын медаль» төсбелгісімен марапатталды

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті дәстүрлі өнер институтының ардагер ұстазы, әнші, жыршы Жұмабек Жарылқасынұлы Аққұлов «Алтын медаль» төсбелгісімен марапатталды.

Жұмабек Жарылқасынұлы ұстаздықтан бөлек өнер саласына да еңбегі сіңген азамат. Ол 1968-1985 жылдар аралығында «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі құрамында өнер көрсеткен. Ал 1990-2008 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі жыр және музыка» кафедрасында ұстаздық етті. Бүгінде оның шәкірттері Халықаралық «Шабыт», Республикалық «Шалқар термесі» өнер байқауларының лауреаттары.
Мұнан бөлек ұлағатты ұстаздың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай облыс әкімінің тікелей бастамасымен «Қайталанбас дауыстар» атты Сыр саңлақтарының музыкалық антологиясына дауысы еніп, терме-әндері басылып шықты. Сондай-ақ сол жылдар аясында облыстық «Елім менің» шығармашылық өнер байқауында жүлделі I орынды иеленіп, «Үздік өнертанушы» атанды.
Тыңдарман жүрегіне жол тауып, өнер саласына сүбелі үлес қосқан ардақты ұстаздың жеткен жетістіктері де аз емес. Қазіргі таңда, шығармашылық иесінің қоржынында ҚР «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет ардагері», «ҚР «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» және «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы» сынды мақтау-мадақтары бар.

 

JoomShaper