«Brain team building» форматында экономикалық ойын өтті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоспарына сәйкес «Бәсекелік қабілет» басты бағыты бойынша Экономика және құқық институты «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» моделі бойынша «Brain team building» форматында экономикалық ойын өткізді.

Экономикалық ойын - конференция мен рөлдік ойын синтезі түрінде өтті. Білім алушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымы моделі бойынша өз елінің күн тәртібінде тұрған мәселе бойынша ұстанымын зерделеп, ұсынды. Білім ордасының шәкірттері Шанхай ынтымақтастық ұйымы органдарының жұмысын бір немесе бірнеше бағыттар бойынша имитациялады.
Ойынға қатысушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы мүше елдердің өкілетті өкілдері рөлін атқарды. Соңынан барлық мемлекеттердің мүдделерінің ымырасына жеткен кезде, қарастырылатын проблеманы шешу бойынша ұсынымдары бар қарар жазылды. Экономикалық ойынның отырыстары белгіленген рәсімдер ережелеріне сәйкес ұйымдастырылды.
Ойын барысында студент жастар елдердің ішкі және сыртқы саясаты, экономикасы мен мәдениетінен хабардар екендігін көрсетті. Ойын соңында институт директоры Н.С. Құлмырзаев елдерді басқарудағы мемлекеттік қызметтің маңыздылығы, бюджеттік жоспарлау, келісім-шарт, іскерлік қарым-қатынас мәселелеріне тоқталып, осындай форматта өткізілетін экономикалық ойындардың білімді арттыруға, студенттердің ойын жинақтауына мүмкіндік беретінін айтып өтті. Іс-шараға «Экономика және менеджмент» кафедрасының оқытушысы, институттың аға тәлімгері З.Ж. Қоржынбаева қатысты.

 

 

JoomShaper