Өзіндік жұмыс ұйымдастырудың тиімді әдісі

Жоғары оқу орындарында математика пәнінің оқытушылары қазіргі уақыт талабына сай білім бере отырып, математикалық ойлау қабілеті жоғары, ойлау мәдениеті қалыптасқан, өз бетінше дәл шешім қабылдай алатын, бәсекеге қабілетті, білімді маманды даярлап шығаруға зор үлесін қосуы тиіс. Осы орайда студенттердің оқытушымен бірге өзіндік жұмысын тиімді ұйымдастырудың маңызы зор.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Инженерлі –технологиялық институты «Математика және қолданбалы механика» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Құндызай Қанибайқызының ұйымдастыруымен экономика және құқық институтының «Қаржы» мамандығының 1 курс студенттері арасында «Математика ғылымдар патшасы» тақырыбындағы студенттердің өзіндік жұмысы математикалық сайыс түрінде өткізілді. Сайысқа Фин-19-1п/я, Фин-19-3 оқу тобының студенттері қатысты.
Сайыс-сабаққа «Қаржы» кафедрасының меңгерушісі Д.А.Бекешева және «Есеп және аудит» кафедрасының оқытушы-профессорлары қатысып, сайыс-сабаққа қазылық етті.
Негізгі мақсат: Білім алушылардың математика пәніне қызығушылығы мен бейімділігін арттыра отырып, дәлдікке, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа, еңбекке үйрету және білім деңгейін жоғарылату.
Білім алушылар «Гипербола» және «Вундеркинд» топтарына бөлініп, өздерінің семестр бойы алған білімдерін математикалық жұмбақтар, мақалдар, логикалық сұрақтарға жауап беруде белсенділік көрсету арқылы көрсете білді. Сайыс қорытындысы бойынша «Гипербола» тобы жеңіске жетіп, жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталды.
Студенттердің өзіндік жұмысын сайыс түрінде өткізу өз нәтижесін беретіні және студенттің белсенділігі мен көшбасшылық қабілетін дамытуға да үлесін қосқаны байқалды.

JoomShaper