Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы Президенттік институттың ролі мен маңызы

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «ҚР қалыптасуындағы президенттік институттың ролі мен маңызы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысына ғылыми-техникалық кітапхана «Ұлт көшбасшысы және Тәуелсіздік» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге: «Болашаққа ұмтылған Қазақстан», «Елін сүйген, елі сенген Елбасы», «Мәңгілік Ел тынысы», «Ұлы даланың жеті қыры» және «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» тақырыптарына байланысты кітаптар, фото-суреттер, құжаттар қойылды. Конференцияға қатысушылар кітап көрмесімен танысып, жастар Елбасының өмірі мен қызметін ресми тарихи – ғұмырнамалық зерттеулерден құрастырылған «Нұрсұлтан Назарбаев» («Деловой мир», Астана) кітабына қызығушылық танытты. Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаяндық бұл кітап елеулі құжаттама көзі болып табылады. Студент жастар мен оқытушы-профессорлардың назарына ұсынылған «100 жаңа оқулық» аясында жарыққа шыққан кітапхана қорындағы 49 оқулық та зор қуанышпен қабылданды. Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» («Фолиант» Астана) кітабында жас толқын жастар алдында тұрған басты бағыттар мен міндеттер, адам бойындағы имандылық қасиеттер, дін мен дәстүр, отбасы ынтымағы, қазыналы қариялар қадірі, Мәңгілік Елдің мұраты туралы тұжырымды ойлары енген.
Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалап, шекарасын бекітіп, болашаққа бағыт берген, жер жаһанға танытып бүгінгідей беделді, қуатты мемлекетке айналуымызға Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан болар тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын Елбасы атымен тікелей байланыстырамыз. Ол заңдылық. Егемендік алғаннан бері сан түрлі сынағы көп жылдарда сүрінбей өткен саңлақ, сарабдал саясаткер халқымызды үлкен мақсат-мұраттарға жетеледі.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ Қазақстанда жүйелі өзгертулер қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыды. Соның ішінде, әсіресе қарама-қайшылыққа толы және ең күрделісі саяси тұрғыдағы реформалар болды. Президенттік басқару үлгісіне көшу, яғни квазипарламентті республикадан президенттік басқару жүйесіне бірте-бірте өту еліміздің бүгінгі саяси жүйесінің негізін қалады. Жаңа билік жүйесі халықаралық тәжірибені зерделеудің нәтижесінде дүниеге келді. Президенттік институт мемлекеттік басқарудың әкімшілік-әміршілдік жүйесінен жаңа нарық экономикасы мен азаматтық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нәтижесінде елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді.
Қазіргі таңда Президент институты мемлекеттілігіміздің іргетасы, барлық демократиялық бастамалардың қайнар көзі, қоғамдағы саяси-әлеуметтік бірліктің берік кепілі болып табылады. Конференция барысында университеттің оқытушы ғалымдары «Елбасының рухани жаңғыру идеясы: ұлт мұраты және бірегейлік формуласы», «Қазақстан Республикасында президенттік институттың қалыптасу алғышарттары», «Елбасы және Қазақстан халқы ассамблеясы-Қызылорда облыстық түрік этномәдени бірлестігі», «Нұр-Сұлтан-Рухани келісім алаңы!» тақырыптарында баяндамалар оқыды.

   

JoomShaper