Бүгін Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Химия – биологиялық зерттеулер ғылыми – білім беру орталығы» ашылды

Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және Толыбек Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру жеке қорының қолдауымен, педогог-ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің үздігі Қуанышбаев Толыбек Досайұлы атындағы химия – биологиялық зерттеулер ғылыми – білім беру орталығы ашылды.

Орталық «Қолданбалы химия – биологиялық зерттеулер», «Физикалық және химиялық оқу» сондай-ақ «Педагогикалық шеберлік» атты үш зертханамен жасақталған. Зертханалар жұмысы негізінен бакалавриат-магистратура-докторантура жүйесінде химия және биология пәндері педагогтарын даярлайды. Химия және биология бойынша зертханалық практикумдарды заманауи инновациялық оқу және ғылыми жабдықтармен жүргізуге мүмкіндік береді. Іргелі және қолданбалы зерттеулерге қатысу арқылы университеттің профессорлық – оқытушылық құрамының, магистранттары мен PhD-докторанттарының ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етпек. Қазіргі таңда ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін оқу процесіне енгізу міндеті тұр. Бұл өңірлік, Отандық және шетелдік ғылыми, білім беру мекемелері және бизнес өкілдерімен байланыс орнату, бірлескен жұмыс жасауға да септігін тигізбек.
Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ғылымды дамыту бағытында осындай шараның жасалып жатқанына ризашылығын білдірді. Және аталмыш орталықтың ашылуына демеушілік жасаған Қуанышбаев Әскербек Досайұлын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Шараға қала мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысып, зартхана жұмысын танысты.
Бағдарлама барысында ардақты ұстаздың естеліктер жинағы «Ғалым. Ұстаз. Азамат.» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болды. Тірлігінде жаққан отымен жан-жағындағыларға жылу таратқан жанның есімі осылайша жаңғыруда. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған педагог-ғалым, химия ғылымдарының кандидаты Толыбек Қуанышбаев ғылым дейтін ұшы-қиыры жоқ кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалдырып, айналасына білімнің шамшырағын жағып кеткен «дария-кеуде, тау-мүсін» тұлға.Ол алғаш еңбек жолын Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі №36 орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1976-1980 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия кафедрасының аға лаборанты қызметін атқарды. 1983 жылдан бастап химия кафедрасында оқытушы болды. 1990-1992 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия кафедрасында аға оқытушы, доцент атанды. 1993 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетінің «Жаратылыстану және экология» кейіннен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Жаратылыстану факультеті деканы қызметін абыроймен атқарған.
Толыбек Досайұлын еске алуға арналған шара одан әрі «Жаратылыстану және жаратылыстану-ғылыми білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының пленарлық мәжілісімен жалғасты. Жиында қазіргі кезеңдегі жаратылыстану-ғылыми зерттеулер мен білім берудің өзекті мəселелері қозғалды. Отандық және шет елден келген ғалымдар түрлі тақырыпта ғылым саласындағы ізденістерімен бөлісті. Пленарлық мәжіліс соңында халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қарары қабылданды.

    

      

 

 

JoomShaper