Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның секциялық жұмыстары өтті

Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Т.Қуанышбаев атындағы жеке ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырған педогог-ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР білім беру ісінің үздігі Қуанышбаев Толыбек Досайұлын (1952-1998 жж.) еске алуға арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның секциялық жұмыстары болып өтті.

Тақырыбы: «Жаратылыстану және жаратылыстану-ғылыми білім берудің өзекті мәселелері». Конференция мақсаты: Қазіргі кезеңдегі жаратылыстану-ғылыми зерттеулер мен білім берудің өзекті мəселелерін талқылау. Жиынға Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушылары мен ғалымдары сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғалымдары мен «Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы» акционерлік қоғамы және «Жоғары технологиялар институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандары мен басқа да оқу орындары оқытушылары қатысып, тақырыпқа орай баяндамаларын оқыды. Ғылым дейтін ұшы-қиыры жоқ кеңістікте өзіндік қолтаңбасын қалдырып, айналасына білімнің шамшырағын жағып кеткен тау тұлға Толыбек Досайұлының өзі өмірден өтсе де артында қалдырған ізі мәңгілік. Арда азаматты еске алу мақсатында ұйымдастырылып жатқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қарашаның 8-і күні Т.Қуанышбаев атындағы химия – биологиялық зерттеулер ғылыми – білім беру орталығының ашылу салтанатымен жалғасады. Осы күні сонымен қатар, ардақты ұстаздың естеліктер жинағы «Ғалым. Ұстаз. Азамат.» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болады. Осы күні сонымен қатар конференцияның пленарлық мәжілісі өтеді.

JoomShaper