Жыр Жамбозы Жиенбайға 155 жыл

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті дәстүрлі өнер институты «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Жиенбай жырау Дүзбенбетұлының 155 жыл толуына арналған «Жыр иесі Жиенбай» атты лекция-концертті өтті.

Жиенбай жырау жүрек тереңінен шыққан жауһар өлең-жырмен халықты сусындатқан жыр жампозы, шашасына шаң жұқтырмайтын ақын деп халқы айдарлап атақ берген Жиенбайдың шығармашылығы негізінен сол заманғы ақын-жыраулардың бай-манап езгісінде болған кедей өмірі, махаббат пен арнауларға арналады. Жампоз жырау жыр жазып қана қоймаған, ол өзі сияқты ақындардың шығармаларын нақышына келтіре халық алдында насихаттап, оны тыңдаушы қауымға нақышында жеткізді. Ол жазба ақындар айтысында да өзіндік орнымен танылған тұлға. Жыраудың шығармаларын оқи отырып және оның өнегелі өмірінен сөз қозғасақ, өз дәуірінде оның өнеріне ел сүйсінген,көпшілік сыйлаған жырау болғанын білеміз. Иә, өз заманның дүлділі атанған сөз зергері Тайқоңырдан бастау алған жыраулық өнер оның баласы Дүзбенбетке, содан кейін оның немересі Жиенбайдан шөбересі Рүстембекке, әрі қарай Көшеней мен Бидасқа және одан кейінгі ұрпағы Арнұрға атадан балаға сабақтасып келеді. Шараға Жиенбай жыраудың ұрпағы Жиенбаева Ыдық Рүстембекқызы қатысып, естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ концертте дәстүрлі өнер институтының студентері Жиенбай жыраудың жырларын орындап өз өнерлерін көрсетті. Айтулы шара соңында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жандос Базартай асылдың сынағы, кеш қонағы Ыдық Рүстембекқызына университетіміздің мәртебелі марапаты «Үздік түлек» медалін табыс етті. Айта кетейік Ыдық Жиенбаева қара шаңырақ Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың физика-математика мамандығының 1956 жылғы түлегі.

JoomShaper