Университетте білім күні салтанат құрды

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай «Білім – ақыл-ойдың кемесі» атты салтанатты шара өтті.

Оған университет ректорының м.а, ф.м.ғ.д., профессор Б.Ж.Абдикаримов және профессор-оқытушылар, студенттер қатысты. Шараға жиналған ағартушылар мен білім алушыларды ең әуелі Бахытхан Жүнайдұлы Білім күні мерекесімен құттықтап, жаңа оқу жылындағы жағымды жаңалықтармен бөлісті. Жалпы 2019-2020 оқу жылында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне барлығы 1523 студент бакалавриат мамандықтары бойынша оқуға қабылданды. Оның 989-ы күндізгі оқу бөлімі бойынша білім алса, 387 студент қашықтан оқитын болады. Ал Алтын белгі иегерлерінің саны 45. Сондай-ақ магистратураға 136, докторантураға 11 білім алушы қабылданды. Биылғы оқу жылында Қызылорда облысы әкімі гранты негізінде 60 білім алушы 1 курсқа қабылданды.Ғылым іздеп, сапалы білім, саналы тәрбие алған ұрпақ қана жоғары зияткер ұлт қалыптастырады, тәуелсіз мемлекетімізді өркендетеді. 80 жылдан астам тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті еліміздің экономика және бизнес, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп, өнер және спорт, жаңа ақпараттық технологиялар мен гуманитарлық-педагогикалық салаларына бәсекеге қабілетті мамандар даярлап келе жатқан Республикадағы үздік оқу орындарының бірі. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 18 ғылым докторы мен профессорлар, 19 Phd докторы, 205 ғылым кандидаты, 500-ден астам оқытушылар мен магистрлар білім беруде. Бұл күні жас ұрпаққа сапалы білім берудегі нәтижелі еңбегі үшін Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатымен Музыкалық білім және дәстүрлі музыка өнері кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Бота Сүлейменова және Құқықтану кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандиданты Мадина Жүсіпбекова марапатталады. Сондай-ақ осы күні бірқатар ұлағатты ұстаздар Қазақстан Республикасының энергетика министірлігінің «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік медалімен марапатталады. Ал Инженерлі-технологиялық факультеті деканының орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Наргүл Сақтағанова «Үздік ғылым кандидаты-2019» төсбелгісінің иегері атанды. Осы күні сондай-ақ бірқатар ұстаздар «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды. Айта кетейік, 30 тамыз ҚР Конституция күніне орай «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатымен «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Есенжол Назаров бірқатар кафедра оқытушылары мен меңгерушілерін марапаттап, ізгі лебізін білдірді. Бағдарлама барысында ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары бал жинап, мемлекеттік білім грантының иегері атанған Гүлімжан Тыныштық, Сәкен Қанжар, Жансая Мейрамбекқызы ортаға шығып, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді.
Жаңа оқу жылында университетте жағымды жаңалықтар көп. Оқу орнының 47 білім бағдарламалары Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) арқылы мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті үш жылдан бері QS University Rankings: Emerging Europe and Central Asia (QS EECA) халықаралық рейтингісі бойынша Европа және Орталық Азия дамушы елдерінің ТОП-300 үздік университеттер құрамына еніп, 9 орын иеленді.
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (АРТА) өткізетін жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингісінің 2019 жылғы қорытындысы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 9 орынға ие болып, ҚР жоо-ң Бас рейтингі Топ-20 құрамына енді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. «Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы, термешілер сахна сәнін келтіріп, шара мазмұнын байытты. Осылайша қара шаңырақта салтанат құрған білім күні жастарға үлкен үміт беріп, жарқын болашаққа жол сілтеді.

JoomShaper