ҚР Конституциясы – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудың құқықтық негізі

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген.

Конституция күні – мемлекеттік мереке. Бұл мереке Қазақстан Республикасында 30 тамыз күні болып бекітілген. Мемлекеттік мереке күніне орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «ҚР Конституциясы – қоғам мен мемлекетті жаңғыртудың құқықтық негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Конференцияда Философия және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты О.Б.Бермаханов «Конституция – мемлекеттің құқықтық іргетасы», Қазақстан Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі А.Ж.Оразбақов «Әлем елдерінің Конституциялар тарихынан», Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, саяси ғылымдарының кандидаты С.Е.Сахиев «Ата заң – ел дамуының кепілі» тақырыптарында баяндамаларын оқыды. Сондай-ақ, Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, құқық магистрі Ж.С.Шукенованың «Конституция қалыптасқан мемлекеттің тұрақты даму факторы ретінде» және Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Е.А.Алтаевтың «Бас бостандығынан айырылғандардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыптарындағы баяндамалары тыңдалды.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін маңызы ерек.

JoomShaper