Студенттік лагерь – 2019

Сапалы білім, жалындаған жастық шақ, белсенді өмірдің ордасы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Сексен жылдан астам тарихы бар білім ошағында он сегізден астам ұйым жұмыс жасап, өзін - өзі басқару жүйесі жолға қойылған.

Жыл сайын жақсы білім алумен қатар, белсенділік танытқан студенттерді ынталандыру мақсатында жазғы тынығу лагерінде бас қосады. Жылдағы дәстүрге сай биыл да университет пен Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті бірлесіп студенттік жазғы - тынығу лагерін ұйымдастырды. Үш күнге созылған демалыс Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамыстыбас елді мекені, «Наурыз» демалыс орнында өтті. Мұнда жастар түрлі форматтағы шараларға қатысып уақытын қызықты өткізсе, Тәрбие және мәдени - көпшілік жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы, психолог Назира Аймаханова семинар-тренинг өткізді. Сонымен қатар «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын!» тақырыбында дебат ойындары, «Абай дана, Абай дара қазақта» атты Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған мәнерлеп өлең оқу байқауы өтті. Тынығу орнында өткен мазмұнды шараға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректор міндетін атқарушы Бахытхан Абдикаримов пен облыстық білім жəне ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова қатысып, шараның жоғарғы деңгейде өткенін тілге тиек етіп, жалынды жастардың шығармашылығына сәттілік тіледі.

 

 

JoomShaper