Диссертациялық жұмысын сәтті қорғады

2019 жылдың 28 маусым күні 8D086 - Су ресурстары және суды пайдалану (6D081000 - Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау мамандығы) бағыты бойынша Диссертациялық кеңестің отырысы өтті.

Диссертациялық кеңес отырысында докторант Гүлжас Баданқызы Тоқтағанова «Қазақстандық Арал өңірі суармалы жерлерін тиімді пайдаланудың ғылыми технологиялық негіздемесі (Қызылорда суармалы алқабы мысалында)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасында орындап, қазақ тілінде қорғады.
Ғылыми кеңесшілер - техника ғылымдарының докторы, «Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС «Су ресурстарын басқару» бөлімінің меңгерушісі Оразхан Қарлыханұлы Қарлыханов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, доцент, А.Н.Костяков атындағы Бүкілресейлік гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Владимир Пантелеевич Максименко.
Ашық түрде қорғалған диссертациялық кеңес отырысына техника ғылымдарының докторы, «Жаңарту» ЖШС табиғатты пайдалану мәселелері бойынша ғылыми кеңесшісі Серікбай Ідірісұлы Өмірзақов мен техника ғылымдарының кандидаты, И.Жахаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты, «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Нұрділдаұлы Байманов рецензент ретінде қатысты.
Гүлжас Баданқызы Тоқтағанованың диссертациялық жұмысын ашық түрде қорғау негізінде және диссертациялық кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беру нәтижесінде диссертантқа философия докторы (PhD) дәрежесін беру ұсынылды.

JoomShaper