Еселі еңбек – жетістік кілті

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры қызметіне Phd доктор Әйтімов Мұрат Жолдасбекұлы тағайындалды.

Мұрат Жолдасбекұлы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда  мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, тестілеу орталығының бас әдіскері, ақпараттандыру бөлімінің басшысы болды. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, экономика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы қызметтерін де абыроймен атқарды. Ол қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 2016 жылдың қыркүйек айынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы қызметін атқарып келді. Ол 30-дан аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы. Диссертация тақырыбына сәйкес 17 ғылыми жарияланымы бар. Оның ішінде 6 уәкілетті орган ұсынған ғылыми басылымдарда, Scopus компаниясының деректер базасына кіретін 3 нөлдік емес импакт-факторға ие халықаралық ғылыми журналдар мен конференцияда, 6 халықаралық конференция материалдарында жарияланған. «Техногенді объектілерден өндірілетін қоршаған ортаны ластаудың жеке есебін алу жүйесі»  атауымен №29649 инновациялық патент алынған, «Технические измерения в технологии и производстве радиоэлектронной аппаратуры и измерительных систем» атауымен оқу құралы баспадан шығарылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры қызметіне тағайындалған Мұрат Әйтімовті бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы жаңа қызметімен құттықтап, салтанатты түрде шығарып салды. Университет ректорының міндетін атқарушы Бахытхан Абдикаримов Мұрат Жолдасбекұлын Қорқыт Ата атындағы «Алтын медальмен» марапаттады. Және алдағы уақытта Академия талаптарына сай кәсіби біліктілігін тиімді көрсете алуына, биік жетістіктерге қол жеткізуіне және жаңа бастамаларды жүзеге асыруына тілектестік білдірді.

JoomShaper