Жас ақындар талабын ұштаған мүшайра

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен облыстық жас ақындар мүшайрасы өтті.

«Ұлы дала аманаты» тақырыбында өткен жас ақындар бәйгесі М.Шоқайдың 130 жылдығына арналды. Жас ақындар мүшайрасының мақсаты – Алаш зиялыларының мұрасын насихаттау, құндылықтарын қадірлей білу, патриотизмге тәрбиелеу. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің өнегелі істерін, қайраткерлік жолын дәріптеу және ұлттық поэзиямызды насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухына тәрбиелеу. Оған қоса, жастардың шығармашылығын шыңдау және қолдау. Шараға жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері және мектеп оқушылары қатысты. Іріктеу кезеңінен өтіп, ақтық сынға жолдама алған  қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топта бақ сынасып, өлеңдерін оқыды. Осылайша, оқушылар арасында бірінші орынға Арал қаласының №220 орта мектеп оқушысы Д.Сламов ие болды. Екінші жүлделі орын Байқоңыр қаласының №274 орта мектеп оқушысы Ж.Арықбай, Қызылорда қаласы №11 мектеп-лицей оқушысы Ш.Амангелді  мен Ақмая ауылының №49 орта мектеп оқушысы Н.Рахметовке тиесілі болды. Алмалы ауылы № 181 орта мектеп оқушысы Ә.Арынов пен М.Шәменов ауылы №34 орта мектеп оқушысы Т.Елутай, Ақсу ауылының №116 орта мектеп оқушысы М.Амагелді үшінші орынды қанжығаларына байлады. Ал, номинациялар бойынша тоқталсақ: «Үкілі үміт» - Жөлек ауылдық округі №152 орта мектеп оқушысы А.Төлебаева, «Қауырсын қалам» - Жалағаш ауданы №202 орта мектеп оқушысы Д.Өмірзақ, «Жас ақын» - Қызылорда қаласы «Мұрагер» мектебінің оқушысы Д.Еркінбаев болды. «Сыршыл ақын» номинациясы Қызылорда қаласы №33 орта мектеп оқушысы Д.Жетпісбайға, «Шалқар шабыт» номинациясы Жалағаш ауданы №246 орта мектеп оқушысы Д.Мағымбекке берілді. Ал студенттер арасында бірінші орынды М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің білім алушысы Б.Назар жеңіп алса, жүлделі екінші орын да осы оқу ордасының студенті Ә.Тоқмырзаға тиесілі болды. Сондай-ақ, екінші орынды «Өркениет» медицина колледжінің студенті Б.Кәртай иеленді. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің студенті А.Жұмабеков үшінші орынға лайық деп танылды.

 

JoomShaper