«Startup Bolashak: Менің арманым» жобасы аясында бизнес жобалар байқауы өтті

Елімізде жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнеске жаңа келген жастарға жеңілдетілген несие, мемлекеттік гранттар қаралған. Бастысы бизнес-жоба халыққа пайдалы әрі кәсіпкерге табысты болуы тиіс.

Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде де түрлі шаралар атқарылуда. Соның бірі «Startup Bolashak: Менің арманым» жобасы. Бұл жастар кәсіпкерлігін қолдауға арналған бизнес жобалар байқауы. Жастар жылы аясында қолға алынған шара жас кәсіпкерлердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Байқауға студенттердің қызығушылығы зор екенін аңғардық. ХХІ ғасыр - жаңа технологиялар дәуірі. Осындай жаһандық өзгерістер кезеңінде білім және бизнес бірінші орында болуы қажет. Университет қабырғасында ұйымдастырылған аймақтық сайыстың  мақсаты – жастарды кәсіпкерлікке баулу, олардың қоғамдағы орнын айқындауға үлес қосу және өзгелермен бәсекеге түсу. Шараға қатысушылар алдымен «Сала таңдау», «Канвас бизнес-моделі», «Питч презентация» тақырыптарындағы тренинге қатысты. Мұнан соң, менторлармен жұмыс жасады. Менторлардың таңдаған жобалары қорғауға жіберілді. Сәтті қорғалған жобалар ширек финалда Шмкент қаласында, жартылай финал мен ақтық финал «Нұр-Сұлтан» ұаласында телевизиялық форматта реалити шоу күйінде түсірілетін болады. Байқау финалистері өз жобаларына инвестиция бөлдіртуге үлкен мүмкінлік алатын болады.
Айта кетейік, бағдарлама барысында «Бизнес-Start» орталығының жетекшісі Жандос Оразмаханов аталған жоба туралы жиналғандарға толық мағұлмат берді. Одан бөлек, жиынға облыстық ақпараттық технологиялар орталығы, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінен келген өкілдері қатысып, жастар тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап қайтарып, аталған байқаудың тиімділігін тілге тиек етті.

  

JoomShaper