Іргелі ғылым – ел болашағы

12 сәуір – Қазақстан ғылым қызметкерлері күні екені баршамызға белгілі. Бұл күннің ел экономикасының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген түрлі ғылым саласындағы азаматтар мен ғалымдарымыз үшін маңызы айрықша. Бұл күн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен бекітілді.

12 сәуір күні болып бекітілудің өзіндік тарихы бар. Себебі, дәл осы күні қазақ ғылым Академиясының бірінші  президенті, ғалым-геолог, көрнекті қазақ академигі Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Ғалымдардың төл мерекесіне орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы: жобалар мен жоспарлар» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны университеттің ректор міндетін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ж.Абдикаримов ашып, жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелде «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозұлы «Сыр сүлейлері шығармаларындағы «Мәңгілік Ел идеясы» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Сондай-ақ, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Ә.Тұяқбаевтың «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінің жанрлық табиғаты, тарихи маңызы» атты баяндамасы және Археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері С.Ө.Билаловтың «Сырдарияның төменгі ағысындағы қалалық мәдениеттің қалыптасу барысында түркі-оғыздардың Арал маңының отырықшы-егінші тайпаларымен этномәдени байланысы (б.з. І мыңжылдығы)» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ, жиында университеттің осы күнге дейінгі ғылым саласында жеткен жетістіктері айтылды. Атап айтатын болсақ, өткен жылы университет ғалымдары мыңға  жуық ғылыми мақалалар, соның ішінде Web of Science, Scopus мәліметтер базасына кіретін халықаралық рецензияланатын басылымдарда 47 мақала жариялады. Сондай-ақ 13 монография, 32 оқулық пен оқу құралы, 15 патент жарық көрді, 2 ұстаз-ғалым «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. Web of Science, Scopus мәліметтер базасында 50-ден астам ғалымның Хирш индексі айқындалған. Университеттің мақсатты тапсырысы негізінде оқыған 13 жас ғалым диссертацияларын сәтті қорғап келді. Осыдан бір ай бұрын оқу орнында 7 бағыт бойынша докторлық диссертациялық кеңестер ашылды. 2018 жылы барлық қаржыландыру түрі бойынша жалпы құны 101 892 400 теңге болатын 13 жоба орындалды. Оның 9-ы ҚР БҒМ Ғылым Комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде орындалды. Бұл жобалар 2019 жылы да жалғасын табуда. 2019 жылғы 7 ақпанда ҚР БҒМ Ғылым комитетінің "Өнімді инновацияларды ынталандыру" байқауының ең жоғары ұпаймен жеңімпазы атанып, 2 жыл мерзімге 98 995 000 теңге ұтып алынды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген бағыттар аясында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына тоқталсақ. Қазіргі күні 6 докторлық диссертация, 40 магистрлік жұмыс орындалуда. Университет ғалымдары 1 халықаралық жобаны, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 4 гранттық жобасын, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 2 жобаны орындауды жалғастыруда.
Дөңгелек үстел соңы университеттің ғылыми-зерттеу қызметінде қол жеткізген жетістіктері үшін біршама ғалымдары мен қызметкерлерін және білім алушыларын марапаттаумен ұласты.

JoomShaper