«Н. Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» атты ғылыми-практикалық конференция

ҚР Тұңғыш Президентінің Кітапханасы ұйымдастырған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрме жобасы аясында Студенттер сарайында «Н. Назарбаев: Болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шара барысында жастарды қолдау және жан-жақты дамыту мәселелері талқыланды. Конференцияның  пленарлық отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының егемен еліміздің қалыптасуына, оның ішінде, Сыр елін қолдаудағы ерекше рөлін атап өтті. «Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегендеп, болашаққа бағыт-бағдар берген, жер-жаһанға танытып, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың еңбегі, әрине, ұшан-теңіз. Сондықтан болар, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз. Ол – заңдылық!», - деп атап өтті аймақ басшысы.Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қызылордалықтарға шін алғыс білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Жиында «Рухани жаңғыру» орталық сараптама кеңесі төрағасының орынбасары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Арын Ерлан Мұхтарұлы «Қазақстан жастарын әлеуметтендіру: стратегия және тәжірибе» тақырыбында баяндамасын оқып, осы тұрғыдағы ой орамдарын айтты. Мұнан кейін сөз алған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абдикаримов Бахытхан Жұнайдұлы  «Басты мақсат – бәсекеге қабілетті жастарды даярлау» тақырыбында баяндамасын оқып, тақырыптың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталды. Жастар саясатын жүзеге асыруда университетте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір парасы оқырманға жол тартқан «Н.Назарбаев: Болашақ бүгіннен басталады» тақырыбындағы конференцияның ғылыми еңбектерінің 2 томдық жинағы. Білім магистрі, Корея Республикасының Халықаралық білім беру ұлттық институтының оқытушысы Ким и Ен «Білімді жастар –елдің болашағы», София қаласы Ұлттық және әлемдік экономика  университетінің қауымдастырылған профессоры Желев Паскаль Недельчев «Болгария мен Қазақстанның жастар саясатын салыстырмалы талдау» тақырыптарында өз баяндамаларын оқыды. Конференцияға сондай-ақ, Түркия, Германия, Канада, Оңтүстік Африка, Кения, Уганда, Филиппин сынды шет елдер мен Қазақстанның барлық облыстарынан өкілдер қатысты. Ал конференцияның секциялық және пленарлық отырыстарда қазіргі қоғамда өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оқыту және жастар бастамаларын қолдау  мәселелері қаралады. «Мемлекеттік жастар саясаты: бағыттары, тетіктері, тұстары, үрдістері. Мемлекеттік жастар саясатының саяси, құқықтық және экономикалық тұстары», «Жастар саясатының әлем елдеріндегі тарихы мен тәжірибесі. Жастар ұйымдары. Жастар саясатының өңірлік ерекшеліктері. Жастарды тәрбиелеу мен қалыптастыру бағыттары», «Жастар рухани жаңғыру мәнмәтінінде. Жастар тақырыбының философиялық, әлеуметтанулық және діни-этникалық қырлары», «Студенттердің ғылыми шығармашылығы» бағыттарына арналды. Ғалымдар тарапынан жастарды қолдауға бағытталған ұсыныстар айтылды. Конференция аясында көпшілік Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Тұңғыш Елбасы кітапханасы мен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми-техникалық кітапханасы бірігіп әзірлеген «Әлем таныған Елбасы» атты кітап көрмесін тамашалады.

JoomShaper