ҚР Президенті кітапханасының директоры Ә.М.Рахымжанов Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушы-профессор құрамы және білім алушылармен кездесті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» атты жылжымалы жобасы аясында ҚР Президенті кітапханасының директоры Ә.М.Рахымжанов Сыр өңіріне сапары барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бас ғимаратына келді.

Мұнда IT саласындағы және стартап жобаларымен танысты. Қазіргі таңда университтегі «Бизнес–инкубатор» орталығы студенттік бизнес-жобалардың бастамашыларына бизнес-идеяға стратегиялық талдау жасауда көмек көрсетуде. Сонымен қатар бизнес-жоспарды қалай құру жөнінде кеңес беріп, оған баға береді. Қаржы ресурстарын іздестіруге және тартуға ақпараттық түрде жәрдемдеседі. ҚМУ студенттердің қатысуымен құрылған шағын бизнес субъектілерін қалыптастыру кезеңінде кеңсемен қамтамасыз етеді.
Ә.М.Рахымжанов бастаған делегация мүшелері бұдан соң, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залымен танысты. Көрме залына Сыр өңіріндегі археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштердің зерттелу тарихына, өлкеде өркендеген археологиялық мәдениеттерге байланысты дайындалған арнайы тақырыптық стендтер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылған. Олар: антикалық Шірік-рабат қала қорымынан табылған қолөнер және тұрмыстық бұйымдар, ортағасырлық Жанкент қаласынан табылған керамикалық,  культтық және нумизматикалық материалдар, ортағасырлық Сортөбе және Сырлытам-қала ескерткіштерінен алынған тұрмыстық бұйымдар, Аралдың кепкен табанынан ашылған Aрал-асар қонысы мен Кердері мавзолейінен табылған жәдігерлер.
Мәртебелі меймандар сондай-ақ «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» көрме залында болып, студенттер және магистранттарымен кездесті. Бағдарлама барысында Студенттік Парламенттің спикері, Ж-17-1 оқу тобының студенті Шернияз Жалғасбекұлы арнау өлеңін орындады.
Шара шеңберінде университеттің ғылыми-техникалық кітапханасына ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы кітапханасының атынан кітаптар тарту ету рәсімі өтті.

   

JoomShaper