Университет 14 медальды қанжығасына байлады

Жастар жылы аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Соның бірі бокстан жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары білім алушылары арасында өткізілген облыстық ашық біріншілік.

Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған дода төрт күнге созылды. Командалық есеп бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жеңіске жетіп, 14 медаль қанжығалады. Оның төртеуі алтын, төртеуі қола, алтауы күміс медаль.
Біріншіліктің жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Бокстан Ұлттық құрама капитаны, Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев марапаттады. Айта кетейік байрақты бәсекеге облысымыздың барлық аудандарынан 110-ға жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысып, жоғары және орта оқу орындарынан 16 команда жасақталды. Шараның ұйымдастырушылары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дене тәрбиесі» кафедрасы және студенттік кәсіподақ комитеті. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының «Тұран» филиалы.

 

JoomShaper