Жастар көшбасшысы сайланды

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тәрбие және мәдени - көпшілік жұмыстарды үйлестіру бөлімінің басшысы Назира Аймаханованың ұйымдастыруымен белсенді жастардың басқосуы және тренинг - семинар өтті.

Онда Жастар жөніндегі комитетінің төрайымы сайланды. Сайлауға оқу ордасының белсенді деген 9 студенті қатысып, бақ сынасты. Нәтижесінде Президент стипендиясының иегері, университеттің үздік студенті Бақытжамал Шадиева барлық сынақтан сүрінбей өтіп, ең көп дауыспен комитеттің төрайымы атанды. Ол оқу орнының Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығының 3 курс студенті. Бүгінге дейін қолжеткізген жетістіктері аз емес. Мәселен, соңғы бір жылда белсенді жас ІХ Республикалық олимпиадада «Ең үздік заманауи технология» номинациясын иеленген. Одан бөлек, «Қазақстан студенттерінің Альянсының» «Адал жол» марафонына қатысып, Алғыс хатпен марапатталған. Бақытжамалдың шығармашылық жетістіктері бір төбе. Ол «Алаш алыптары» атты жас ақындар мүшайрасында «Сыршыл ақын» номинациясын иеленді. «Жас қыран» атты талантты жастардың кітап жинағына енді. Осындай ауыз толтырып айтар жетістіктерімен көзге түскен студент ендігі жерде жастардың көшбасшысы болады. Жиында Жастар комитетінің төрайымы салтанатты түрде сайлағаннан кейін шараның өтуіне ұйытқы болған Назира Кенжебекқызы студенттік Парламент өкілдеріне куәліктер табыстап, бірқатар жасты марапаттады. Және алдағы жұмыс жоспарды пысықтады.

 

JoomShaper