Тыңдаушылар арасында «Қазақстан тарихы» пәнінен олимпиада өтті

Университетіміздің Құзыреттілікті дамыту және жұмыспен қамту бөлімінің ұйымдастыруымен 2018 жылдың 14 желтоқсанында Қытай Халық Республикасынан келіп жоғары оқу орнына дейінгі дайындық курсында білім алып жүрген тыңдаушылар арасында 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының тәуелсіз күніне орай «Қазақстан тарихы» пәнінен олимпиада өтті.

Ұйымдастыру мақсатында «Қазақстан тарихы» пәні бойынша пәндік олимпиада ұйымдастыру және өткізу туралы Ережесі және олимпиада сұрақтары тест түрінде дайындалып, бекітілді. Сонымен қатар, әділқазылар құрамы бекітілді.
«Қазақстан тарихы» пәнінен ұлты қазақ шетел азаматтары болып табылатын тыңдаушылар арасында олимпиада ұйымдастыру үшін келесі негізгі мақсаттар қойылды: ҚР-ның Тәуелсіздік күнінің маңыздылығын ескеру; тыңдаушылардың интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін арттыру және дамыту; ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылықтарын арттыру; тыңдаушыларды ынталандыру; Отанына деген сүйіспеншіліктерін ояту, патриоттық сезімдерін қалыптастыру; Қазақстан тарихы пәні бойынша білімдерін шыңдау, сыни және шығармашылық тұрғыдан ойлау және ҰБТ-ға дайындау.
Олимпиада бастамас бұрын, әділқазылар мүшесі, университеттің тарихшы-оқытушылары Ж.Т.Сыдықова, Б.М.Ахметбек және Құзыреттілікті дамыту және жұмыспен қамту бөлімінің «Қазақстан тарихы» пәні оқытушысы, п.ғ.м. Ғ.А.Жәрімбет пен бөлім әдіскері А.К.Жұмағұлова алда келе жатқан 16 желтоқсан - Қазақстан Республикасының тәуелсіз күніне байланысты тарихқа шолу жасап, олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі.

Олимпиада нәтижесі бойынша комиссия төрағасы, ғалым-тарихшы Б.М.Ахметбек марапаттау жасады. Атап айтсақ, олимпиаданың 1-ші жүлделі дипломымен Бекдүйсен Шынар, 2-ші жүлделі дипломымен Нұрлан Ақжол, ал 3-ші дәрежелі дипломдарын Зеитихан Бахебали мен Мағауия Ершат иеленді.

JoomShaper