Тәуелсіздігім деп соғады жүрегіміз!

Міне, тағы да «Экономика және ақпараттық технологиялар» факультетінің «Қаржы» кафедрасының 1-2 курс студенттері оқытушыларын өздерінің ерекше таланттары мен сан қырлы өнерлерімен күллі қауымды таң қалдырды. Тәуелсіздігімізге 27 жыл толуына орай «Тәуелсіздік – елімнің еркіндігі» тақырыбында кеш өткізді.

Студенттер 1986 жылдың желтоқсанындағы адал да, аңғал Қазақ жастарының бодандыққа қарсы жойқын бұлқынысымен Орталық алаңда тұңғыш рет Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шыққан желтоқсан құрбандарының ерлігін, жалынды жырларын көрермендердің көңіліне ұялтып, сонау тарих қойнауын бір шолып өтті.

 

Ерен ерліктерімен көзге түскен желтоқсан құрбандары Қ.Рысқұлбеков, С.Мұхамеджанова, Л.Асанова, Е.Спатаев сынды қазақтың ұл-қыздарының жасаған ерлігі мен қайрат-жігері халықтың есінде мәңгі сақталады. Сондай-ақ, студенттер желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған қол жеткізгенімізді дәріптейтін сахыналық көрініс пен бейне роликтер қойып көрермендердің жүрегін бір дүрсіндірді. Кеште Хакім Абайдың қара сөзін Фин-18-5,3 оқу тобының студенттері ортаға салды.
Кеш соңында қанымен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап асыға жеткен арманымызға қол жеткіздірген, тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан тағзым ретінде бір минут үнсіз еске алып, студенттер: «Қазіргі таңда Тәуелсіздік күні барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі- ең алдымен халқымыздың бақыты, ұлтымыздың ұлы мұраты!» дей келе кешті тамаша хормен аяқтады.

JoomShaper