«Сыр сандық» үйірмесінің ашылуы

2018 жылдың 5 қарашасында университеттің Құзыреттілікті дамыту және жұмыспен қамту бөлімінің жоғары оқу орнына дейінгі дайындық курсының тыңдаушыларына арналған «Сыр сандық» атты әдеби үйірмесінің ашылу салтанаты өтті.

Үйірме жетекшісі «Қазақ тілі, әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы Қ.М.Жұмабай:

Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара жырласын!
Сұлу сымда перне әуені,
Перне әуені жыр айтар.
Көніл ашар тербеу әні,
Тербеу әні сыр айтар.
Шыққанбыз дос, шыңға талай,
Талай сырды ойланып,
Ақтарарлық алтын сарай,
Алтын сарай қойманы

- деген шумақтарын оқып, үйірменің салтанатты ашылу сөзін Құзыреттілікті дамыту және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы, п.ғ.к. С.Т.Жарбуловаға берді.

 

Бөлім бастығы С.Т.Жарбулова өз сөзінде "Сыр сандық" үйірмесінің жұмысы әдеби мұраға деген қызығушылықты дамытуға, рухани әлем мен ұлттық сана-сезімді кеңейтуге, Қытай Халық Республикасынан келген дайындық курсы тыңдаушыларының коммуникативтік құзыреттілігін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Бөлім меңгерушісі Қ.Ж. Қонысбаева үйірменің ашылуымен құттықтап, үйірме сабақтары шығармашылық қабілеттерін және қоғамдық қарым-қатынасты қалыптастыруға, қарым-қатынас жасауға, өз ойларын әдеби тілмен жеткізе білуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

 

Үйірмеге тілге шешен, өз беттерімен шығарма жазуға, өлең шығаруға икемдері бар, шығармадағы көркем бейнелердің ерекшеліктерін сезініп аша білетін тыңдаушылар тартылды.
Үйірменің жоспарына сәйкес М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңін БГ-18-1(д/б) оқу тобының тыңдаушысы Айтбен Бексұлтан мәнерлеп оқыды. Өлеңнің негізгі мақсатын аша отырып, ол ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі арқылы жастардың рухын оятып, қазіргі өмірдегі орнын ашып көрсететіндігін айтты.
«Сыр сандық» үйірмесінің ашылу салтанатына университеттің студенттері де қатысты.

JoomShaper