Шындықтың шыңы шығармасында...

Сыр топырағынан түлеп ұшқан талай таланттардың бірегейі, Қазақстанның халық жазушысы, қазақ драматургиясының абызы, есімі елге аян болып, сөзі ел құлағында жатталған Қалтай Мұхамеджанов көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Осы атаулы дата аясында Сырдарияны жырлаған ақын Әбділда Тәжібаев айтқандай: «кеудесінде өмірде сарқылмайтын алтын ұядай – күлкі ұясы бар»,- Қалтай Мұхамежановтың шығармаларын талдауға арналған «Қалтай шығармаларының шыңы – шыншылдығында» тақырыбында оқырмандар конференциясы болды. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылыми-техникалық кітапханасы ұйымдастырған конференцияның мақсаты - қаламгердің шығармашылығына жастардың қызығушылықтарын арттыра отырып, оларды өзіндік ой-пікір қалыптастыруға дағдыландыру және өз көз-қарастарын қорғап шығуға машықтандыру. Қоғамдағы саяси, экономикалық, рухани өзгерістерге өте сезімтал болған драматург-жазушының ішкі ойын шығармалары: «Көктебедегі кездесу», «Жат жерде», «Менің дертім» т.б. кейіпкерлері арқылы түсінулеріне ұмтылдыру.
Конференцияға Қалтай Мұхамеджановтың жақын туысы, оның шығармашылық мұраларын зерттеуші, ғалым-ұстаз, университеттің құрметті профессоры Қазыбай Құдайбергенұлы мен университеттің әдебиетші ғалымдары шақырылды. Қазыбай Құдайбергенұлы Қалтай Мұхамеджановтың шығармаларында ұлт мәдениеті мен этикасындағы түрлі өзгерістер ғана емес, елдің рухани-көркем құндылықтарының дамуы да анық байқалатындығын айта келе, драматургтың ата-тегі және бұрын баспасөз бетіне жарияланбаған қолжазбалары туралы кеңінен әңгімеледі. «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, «Ә.Қоңыратбаев атындағы әдеби үйірме» жетекшісі Айман Ералақызы Айтпаева өз кезегінде, жазушының ашық айтуға тыйм салынған шындықты астарлап айтудың шебері, кезінде айтуға рұқсат етілмеген жабулы тақырыпты мысқылмен, уытты күлкімен қозғауға мүмкіндік берген тапқырлығы туралы баяндады.
Филология және физика-математика мамандықтарының студенттері арасында өткізілген оқырмандар конференциясы жазушының әрбір шығармасындағы кейіпкердің мінез-құлқы арқылы қазіргі жағдайда еліміздің рухани құндылықтарын дамытып, жүзеге асыруға кедергі келтіретін кесір-кесепаттармен сабақтастыра талқылады. Қалтай Мұхамеджановтың әрбір қалжыңының, салмақты ой-пікірінің астарында жатқан құбылыстар: достық, сатқындық, тіл шұбарлығы, діни ағымдар кесірі, көкек аналар, мансапқорлық, жағымпаздық, жан дүние жүдеулігін ашып, себебі мен салдарын айқындап, онымен күресу жолдарын да өздері тапқандай болды...
Жастар белсенді, пікірлері ашық, мақсаттары айқын, шетінен талантты. Осы іс-шараға қатысқан Қытай Халық Республикасынан келіп, оқу орнымыздың даярлық тобында білім алып жатқан қандас бауырларымыз да жатсынбай пікірлерімен бөлісіп, өздерінің тырнақ алды шығармаларын көпшілікке ұсынды. Олардың талабына риза болған профессор Қазыбай Құдайбергенұлы «бұлақ көрсең, көзін аш»,-дегендей жастардың өлеңдерінің жарыққа шығуына жол сілтейтіндігін білдірді.
Іс-шараға қатысушылар жазушының өмірі мен шығармаларына арналған «Қазақ драматургиясының абызы» атты кітап көрмесін тамашалады.
Тоқырау заманында рухани байлығымыз жамау, жан-дүниеміз астан-кестен шақта қалың қауымға қалам ұшымен рухани байлық сыйлаған данышпандардың белгісіндей болған дарын иесі Қалтай Мұхамеджановтың шығармалары – Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында атап көрсеткен «интелектуалды қоғамды қалыптастыру» қажеттілігінде таптырмас бағдаршам. Іс-шара жалғасы ретінде Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханада орналасқан Қалтай Мұхамеджановтың шығармаларына арналған мұражайға саяхат жасау жоспарлануда.

JoomShaper