Сыр өңірінің рухани әлемі

2018 жылдың 12 наурыз айынан бастап Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасының №1 оқу ғимаратындағы бөлімінде Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған кең көлемді кітап көрмесі өтуде. «Сыр өңірінің рухани әлемі» деп аталатын кітап көрмесі «Тарихы тұнған шежіре», «Сыр – Алаштың анасы» және «Жедел даму жолында» атты бірнеше бөлімдерді қамтиды.

Елбасы «Алаштың анасы» атаған Сыр бойындағы екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда өңірі туралы ежелгі дәуірлерден бүгінге дейін жеткен деректер мен суреттер – баға жетпес құндылық. Тарихтың куәгерлері құжаттар, тарихи зерттеулерден жинақталған кітаптар мен энциклопедиялық анықтамалар, фото суреттер, сызбалар кітап көрмесіне қойылды. Ғылыми-техникалық кітапхананың сирек кездесетін әдебиеттер қорында сақталған «Азиатская Россия» (ІІІ том), «Энциклопедический словарь» (ХІІІт.) кітаптарда «Ақмешіт», «Перовск» бекіністерінің шығу траихы жайында толық мәліметтер берілген. Университеттің бірқатар тарихшы ғалымдары зерттеп, зерделеп, нақты құжаттармен дәлелдеп берген «Сыр өңірі», «Сыр туралы сыр», «Қызылорда астана болғанда», «Қызылорда» т.б. тарихи танымдық шежіре шығармаларда ерте заманнан бастау алған қаситетті өңірдің қиян-қилы тарихы, халқымыздың шер-шеменді тағдыры байыппен баяндалған.
Деректер бойынша 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілген. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысқандығы және Қызылорда 1929 жылдың мамыр айына дейін Қазақ АКСР астанасы болғандығы туралы мәліметтерді көрмеден алуға болады.
Сыр елі ұлтымыздың рухани, тарихи-мәдени және демографиялық түп тірегі, ұлтымызға баспана да, астанада бола білген киелі Қызылорда жері – қазақтың қара шаңырағы деп атауға болады. Сыр өңірінде қаймағы бұзылмай, қастерлеп сақталған салауатты салт-дәстүр, тіл, діл одан әрі дамып, байып, өркен жаюда. Өлкеміздің өткен-кеткен өмірінен, бүгінгі тыныс-тіршілігінен бірсыпыра мәліметтер беретін кітап көрмесі өз жұмысын жалғасыра бермек.

JoomShaper